Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде әйел қызметкерлерге арналған психологиялық тренинг ұйымдастырылды

Ақмола облысының ҚАЖД-ға қарасты №1 мекемесінде әйел қызметкерлерге арналған ерекше әрі пайдалы психологиялық тренинг ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Шара барысында тәжірибелі психологтың жетекшілігімен қатысушылар заманауи әдіс – нейрография техникасын меңгерді.

– Бұл суретші қабілетін қажет ететін әдеттегі бейнелеу өнері емес. Қарапайым сызықтар мен фигуралар арқылы ой мен сезімдерімізді бейнелеудің өзгеше тәсілі. Мәселен, өткір бұрыштарды жұмсарту арқылы ішкі қақтығыстарды "тегістеуге", шиеленісті сейілтуге болады. Нейрографияның басты мақсаты – адамды толғандыратын мәселелерді қағазға түсіріп, стресс деңгейін төмендету, жаңа шешім табуға жол ашу және күнделікті күйбеңнен арылуға көмектесу, – деді мекеменің аға психологы Дана Ерниязова.

Психологтың нұсқауымен қызметкерлер "нейрографиялық сызықтар" сызуды үйренді.

– Бұл сызықтар біз ойламаған бағыттарға қарай өрбиді, олар біздің санамыздың көрінісін бейнелейді. Кейін бұл сызықтар біріктіріліп, өткір бұрыштары жұмсартылып, жаңа элементтер мен түстермен толықтырылады, – деп бөлісті мекеменің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Қымбат Ибраева.

Әрбір түстің, әрбір сызықтың өзіндік мағынасы болды. Бұл әдіс қатысушыларға сурет салудан бөлек, өз ішкі жан дүниесіне үңіліп, күрделі ойлар мен эмоцияларын бейнелі түрде жеткізуге мүмкіндік берді.

– Тренинг қыз-келіншектер үшін тың жаңалық болды. Бірі – сурет салу арқылы бойындағы шиеленістен арылса, енді бірі – өз міндеттеріне жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік алды. Ал кейбіреулер үшін бұл жай ғана қайта қуаттануға, жұмыс күндерінің қарбаласынан уақытша алыстауға себеп болды, – деп түйіндеді психолог Дана Ерниязова.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру