Алматыда полиция дәрілік препараттардың айналымы саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтады
Алматыда полиция дәрілік препараттардың айналымы саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында құрамында есірткі және психотроптық заттар бар дәрілік препараттардың заңды айналымы саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында республикалық "Дәрмек" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Тексеру барысында полиция қызметкерлері уәкілетті бақылау органдарының өкілдерімен бірлесіп, мемлекет тарапынан қатаң бақылаудағы дәрілік заттарды сақтау, есепке алу және босату тәртібін бұзу деректерін анықтады. Нәтижесінде бірқатар дәріхана мен медициналық ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал күшті әсер ететін заттарды сақтау тәртібін өрескел бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Заңсыз айналымнан құрамында есірткі және психотроптық заттар бар, сондай-ақ оларды дайындауға пайдаланылатын прекурсорлар тәркіленді.
- Мұндай тексерулер бізде тұрақты түрде жүргізіледі. Мақсат – жазалау емес, медицинаға арналған препараттардың көлеңкелі айналымға өтіп кетуіне жол бермеу. Айта кетерлігі, дәрілік заттардың заңды айналымы саласындағы бақылау – нашақорлықтың алдын алудағы негізгі тетіктердің бірі, – деді Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.
Алматыда полиция дәріхана мен медициналық мекеме басшыларына мемлекет бақылауындағы дәрілік препараттарды сақтау және есепке алу ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. Мұндай заңбұзушылықтарды анықтау бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жалғасады.