Қостанай облысында полиция жолаушыларды заңсыз тасымалдаушыларға бақылауды күшейтті
Қостанай облысында полиция заңсыз тасымалдаушыларға бақылауды күшейтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Тасымалдаушы" республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аясында тәртіп сақшылары құжатсыз, жауапкершіліксіз тасымалдаушыларды анықтап жатыр. 10 қазаннан бастап бүкіл ел бойынша, соның ішінде Қостанай облысында да, қоғамдық көліктерге тексеру жүргізуге бағытталған кең ауқымды рейдтер өтуде.
Полицияның назарында тек автобустардың техникалық жағдайы ғана емес, сонымен қатар тасымалдау қызметінің заңдылығы да бар. Облыстық полиция департаментінің өкілдері атап өткендей, негізгі мақсат — жазалау емес, адам өмірін сақтап, жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
Қала ішіндегі және қалааралық жолаушылар тасымалдап жүрген автобустарға ерекше назар аударылуда. Полицейлер алғашқы медициналық көмек қобдишасының, доңғалақ сырғуының алдын алатын тіреуіштердің, маршрут парақтарының және рұқсат құжаттарының болуын тексеріп жүр.
Сондай-ақ жүргізушілердің рейске шығар алдында медициналық және техникалық тексеруден өтуі міндетті талап болып табылады. Барлық осы шарттар орындалғанда ғана автобус жолға шығуға рұқсат алады. Ал лицензиясы мен келісімшарты жоқ заңсыз тасымалдаушылар жауапкершілікке тартылуда. Мұндай жүргізушілер көбіне қауіпсіздік талаптарын елемейді. Олардың көліктері техникалық байқаудан өтпеген, сақтандырылмаған, ал кей жүргізушілердің осындай қызмет түрімен айналысуға рұқсаты жоқ.
"Тасымалдаушы" жедел-алдын алу іс-шарасы 13 қазанға дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде облыстың барлық негізгі бағыттары қамтылатын болады. Анықталған барлық құқық бұзушылықтар тіркеліп, әрбір факті бойынша жүргізушілер жауапкершілікке тартылады.
Полиция облыс тұрғындарын бейжай қарамауға және қырағы болуға шақырады. Егер сіз құжатсыз немесе белгісіз бағытта қатынап жүрген автобус не таксиді байқасаңыз – фото немесе бейнеге түсіріп, оның бағытын белгілеп, құқық қорғау органдарына хабарласыңыз. Бұл өзге жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.
Қоғамдық көлік – мыңдаған азаматтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі. Автобустың техникалық жағдайы мен жүргізушінің жауапкершілігі әр адамның қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Тасымалдаушыларға бақылау орнату – бұл заңды сақтау мәселесі ғана емес, бұл – жалпы қоғамдық қауіпсіздік мәселесі.