Елорда тұрғыны әріптестерін алдап, ойдан шығарылған оқиға ұйымдастырған
Елорда тұрғыны әріптестерін алдап, ойдан шығарылған оқиға ұйымдастырған, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанада полиция қызметкерлері 31 жастағы әйелді жеке пайдасы үшін әріптестерінің сенімін теріс пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартты.
Декреттік демалыста жүрген әйел өз басшысына хабарласып, ойдан шығарылған қайғылы оқиға туралы айтып, баласы терезеден құлап, жансақтау бөлімінде жатқанын мәлімдеген. Әріптестері жанашырлық танытып, ем-домға көмек ретінде ақша жинап берген.
Алайда көп ұзамай шындық ашылды. Әріптестерінің бірі оның жұбайына хабарласқанда, ер адам баласының аман-есен екенін айтып, әйелінің айтқан сөзін жоққа шығарған. Тексеру барысында әйелдің жиналған қаражатты жеке қажетіне жұмсағаны, соның ішінде Түркияға демалысқа барғаны анықталды.
Алаяқтық дерегі бойынша құқық қорғау органдары жедел тексеріс жүргізіп, күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғады.
Полиция департаменті өзгенің сенімін теріс пайдалану мен адамдардың жанашырлық сезімін жеке мүддеге қолдану – заң алдында қылмыс екенін еске салады. Азаматтардан мұндай жағдайларда сақ болуды, ақпаратты тексеруді және эмоциялық айла-амалдарға ермеуді сұрайды – тіпті ол таныс немесе әріптес адамдардан шыққанның өзінде де.