Атырауда көші-қон заңнамасын бұзған 39 шетелдік елден шығарылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысында 13–17 қазан аралығында республикалық деңгейде "Заңсыз келуші–2025" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Оның басты мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау, көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ заңсыз көші-қон фактілерінің алдын алу және жолын кесу.
Іс-шараның алғашқы үш күні ішінде 364 құқық бұзушылық анықталды.
Анықталған заңбұзушылықтардың ішінде:
Қазақстан Республикасынан кету мерзімін өткізіп алған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар – 110 дерек;
Елден он тәуліктен астам уақыт бойы кетуден жалтарғандар – 133 дерек;
Визада көрсетілген мақсаттарға сай келмейтін еңбек қызметін атқарған, не еңбек етуге рұқсатсыз жұмыс істеген шетел азаматтары – 116 дерек;
Шетелдіктерді қабылдайтын жеке және заңды тұлғалардың көші-қон заңнамасын бұзуы – 106 дерек;
Шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарту фактілері – 14 дерек.
Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 39 шетел азаматы елден шығарылды, ал ҚР Қылмыстық кодексінің 394-бабы (Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) бойынша бір тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Полиция департаментінің мәліметінше, "Заңсыз келуші – 2025" іс-шарасы заңсыз көші-қон арналарының жолын кесуге, шетел азаматтарының ел аумағында болуын бақылауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері қызмет етіп келеді.