Тәртіп күзетінде цифрлық технологиялар: Қарағандыда полицейлер жасанды интеллекті бар камераларды кеңінен қолдануда
Ішкі істер министрі жариялаған Профилактика жылы аясында Қарағанды облысында "Заң мен тәртіп" қағидатын жүзеге асыру бағытында заманауи цифрлық шешімдер кеңінен енгізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солардың бірі – полиция қызметкерлеріне қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, оқиғаларға жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін интеллектуалды бейнеаналитика жүйесі.
Бүгінде Қарағанды қаласында жасанды интеллект элементтері бар 60 камера жұмыс істейді. Олар адамдар көп жиналатын орындарға – аялдамаларға, "Сарыарқа" әуежайына және теміржол вокзалдарына орнатылған.
Жүйе азаматтардың жүзін танып, агрессивті мінез-құлықты, адамдардың шамадан тыс жиналуын және өзге де күмәнді жағдайларды автоматты түрде тіркейді. Қажет болған сәтте камералар жедел қызметтерге бірден дабыл жібереді.
- Жыл басынан бері бейнеаналитика жүйесінің көмегімен 49 құқық бұзушы анықталып, ұсталды, - деді Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов.
Мәселен, вокзал аумағындағы камера пробациялық бақылауда жүрген және сот шешіміне қарамастан Павлодар облысынан кетіп қалған ер адамды анықтаған. Ал өзге жағдайда – алимент төлеуден жалтарып жүрген Қостанай облысының тұрғыны ұсталды.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі атап өткендей, жасанды интеллект элементтері бар технологияларды пайдалану профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттырып, өңір тұрғындарының қауіпсіздігін күшейтті.