Қарағанды облысында полицейлер құжаттары жоқ 8 шетел азаматын анықтады
Қарағанды облысында полицейлер жеке құжаттары жоқ сегіз шетел азаматын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заңсыз келуші – 2025" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Қарағанды облысында көші-қон заңнамасының сақталуына бақылау күшейтілді. Шараның басты мақсаты – көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз етіп, өңірдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту.
Іс-шара барысында Қарағанды облысында патрульдік полиция батальоны көші-қон қызметімен бірлесе отырып, бақылауды күшейтті. Тексеру жұмыстары автожолдарда, көлік бекеттерінде және шетел азаматтары жиі шоғырланатын орындарда жүріп жатыр. Әсіресе, облыс арқылы өтетін транзиттік автобустар мұқият тексерілуде.
Операцияның алғашқы екі күнінде-ақ нақты нәтижелер байқалды. Тәртіп сақшылары жеке басын куәландыратын ешқандай құжаты жоқ сегіз шетел азаматын анықтады. Сонымен қатар ел аумағында болу мерзімін бұзған бір азамат ұсталды.
Қазіргі уақытта көші-қон қызметі заң бұзған тұлғалардың жеке басын анықтауға және олардың Қазақстанға кіру мен болу жағдайларын нақтылауға бағытталған кешенді шаралар жүргізіп жатыр. Бұл бағытта полицейлер тиісті мемлекеттердің консулдықтары мен елшіліктерімен тығыз әрекет етуде.
Көші-қон заңнамасын бұзғандарға қатысты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік шаралар қабылданады.
Полиция облыс тұрғындарын өңірде шетел азаматтарының заңсыз болуына қатысты кез келген дерек туралы дереу хабарлауға шақырады.