СҚО-да жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың 12 офицері марапатталды
СҚО-да алаяқтықтың алдын алуда көзге түскен жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың 12 офицері марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшылары облыс орталығындағы ірі сауда және ойын-сауық орталықтарында қызметте жүріп, банкоматтардың маңында абыржыған күйде телефон арқылы біреудің нұсқауымен ірі сомада ақша аудармақ болған азаматтарды байқаған. Сол мезетте полицейлер азаматтардың алаяқтардың құрбаны болуына жол бермеген. Қырағылық пен жедел әрекеттің нәтижесінде бірнеше қылмыс дер кезінде ашылды.
Бүгін Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығының орынбасары Құрманғали Ысмагұлов офицерлерге алғыс хаттар табыстады. Оның ішінде 7 қызметкер 1 миллион теңгеден астам ақшаны алаяқтардан сақтап қалғаны үшін марапатталды.
Марапаттау рәсімі қысқы киім үлгісіне көшуге арналған саптық қарау барысында өтті. Құрманғали Ысмагұлов жеке құрамның қысқы кезеңде қызмет атқаруға дайындығын, жарақтануы мен құжаттарының толықтығын, сондай-ақ нормативтік-құқықтық актілерді білу деңгейін тексерді.