Шымкент көшелеріндегі қауіпсіздік мотопатрульдердің бақылауында
Шымкент көшелеріндегі қауіпсіздік мотопатрульдердің бақылауында, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Соңғы 10 күн ішінде полицияның мотопатрульдері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 500-ге жуық жайтын анықтап, тоқтатты.
Мотопатрульдердің негізгі міндеті – қала көшелерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және жедел әрекет ету. Мотопатрульдер "Заң мен тәртіп" идеологиясын ілгерілету аясында қызмет атқаруда.
Мотоциклдерді пайдалану тәртіп сақшыларына оқиға орнына жылдам жетуге мүмкіндік береді, әсіресе көлік қозғалысы тығыз учаскелер мен қарбалас уақытта бұл тәсіл тиімділігін көрсетуде.
Мотопатрульдердің басты артықшылығы – жеделдік пен мобильдік. Мұндай қызмет форматы полиция жұмысының тиімділігін арттырып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.
Айта кетейік, мотопатрульдер қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында тұрақты түрде рейдтік іс-шараларға да қатысуда.