Араға жылдар салып жеткен марапат: ІІМ-де батыл қызметкердің есімі ұлықталды
Ішкі істер министрлігінде ұлттық мереке – Республика күні атап өтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл күн - елдігіміздің символы, азаттық жолындағы тарихи белес. Халқымыздың рухын көтеріп, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мерекемен ведомствоның жеке құрамын министр Ержан Саденов құттықтады.
- Әріптестер, сіздер адалдық пен кәсіби қасиеттеріңіздің арқасында қойылған міндеттерді абыроймен атқарып келесіздер. Жауапкершілікті сезініп, алдағы уақытта да өз міндеттеріңізді адал орындайсыздар деп сенемін. Осы салтанатты күні баршаңызға табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін! - деді ІІМ басшысы.
Республика күніне орай мінсіз қызметімен көзге түскен тәртіп сақшылары, саланың ардақты ардагерлері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.

Ерлігі еленгендердің қатарында 2006 жылы қызмет бабында көз жұмған учаскелік полиция инспекторы Алмас Алинов бар. Алакөл ауданында қызмет еткен полиция аға лейтенанты масаң күйдегі қарулы қаскөйді құрықтау барысында дүние салған. "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалі өз иесін 19 жылдан кейін тауып, жұбайы Айнагүл Алиноваға табысталды. Марқұмның жары да полиция қатарында қызмет атқарады.
- Көп жылдар өтсе де, Алмастың ерлігі ұмытылмағанын көрдім. Ол өз ісіне адал болды, – деп атап өтті Жетісу облысы ПД аға инспекторы Айнагүл Алинова.
Тәуелсіздік жылдарында қызметтік міндеттерін орындау кезінде ішкі істер органдарының 825 қызметкері қаза тауып, шамамен 5 мың қызметкер жарақат алған.

Сонымен қатар бұл күні жалпы еңбек өтілі 48 жылды құрайтын Қостанай облысы полиция департаментінің техникалық маманы Надежда Поповаға қошемет көрсетілді. Ғұмырын адал еңбекпен ұштастырған ол "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды.
Салтанатты іс-шара мерекелік концертке ұласты. Республика күні – жаңа Қазақстанды құру жолындағы ортақ мақсаттар мен құндылықтарды ұлықтайтын күн.
