Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полицейлер екі жасар баланы дер кезінде ауруханаға жеткізуге көмектесті

Павлодарда полицейлер екі жасар баланы дер кезінде ауруханаға жеткізуге көмектесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысында полицейлер екі жасар балаға шұғыл медициналық көмек қажет болған жағдайда, көлікті ауруханаға дейін қауіпсіз ілесіп жеткізу арқылы баланың өмірін сақтап қалуға себеп болды. Бұл оқиға туралы облыстық полиция департаментінің басшылығы тек баланың анасы ризашылық білдіргеннен кейін ғана білді.

– Облыстық полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Нұрасыл Аймекенов пен Асылтас Табанбаевқа айтар алғысым шексіз. Сол күн әлі есімде. Қызымның кенеттен қатты талмасы ұстап қалды, жедел жәрдем ұзақ келмеген соң, Мойылды ауылынан өзіміз Павлодарға жолға шықтық. Жолда көлік көп, қозғалыс та ауыр болды. Қатты уайымдап, не істерімді білмей тұрғанда, патрульдік полиция көлігін көріп, көмек сұрадым. Полицейлер бір сәт те ойланбастан, бізге ілесіп, жолды ашып, ауруханаға дейін қауіпсіз жеткізді. Соның арқасында қызым уақытылы көмек алды. Осындай жүрегі жылы, кәсіби әрі адамгершілігі жоғары тәртіп сақшыларына шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Сол сәтте олардың есімін білмеген едім, бірақ бәрі жақсы аяқталған соң, қызымды құтқарған осы азаматтарға арнайы рақмет айтқым келді, – дейді алғысын білдірген тұрғын.

Полицейлер де бұл оқиғаны ерекше жылылықпен еске алады:

– Жағдайдың қаншалықты маңызды екенін бірден түсіндік. Сондықтан уақыт жоғалтпай, көлікті ауруханаға дейін ілесіп жеткізуге шешім қабылдадық. Әңгіме адамның, оның ішінде кішкентай баланың өмірі мен денсаулығы жайында болғанда, ойыңда тек бір ғана нәрсе тұрады – дер кезінде үлгеру. Сол сәбиге мықты денсаулық пен жарқын болашақ тілейміз, – дейді полиция қызметкерлері.

Бұл оқиға – полицей мамандығының тек тәртіп пен қауіпсіздікті күзету емес, сонымен қатар адам өмірін сақтаудағы айрықша жауапкершілік пен адамгершіліктің көрінісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру