Талдықорғанда полицейлер есірткі заттарын заңсыз сату дерегін анықтады
Жетісу облысында полицейлер есірткі заттарын заңсыз сату дерегін анықтады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысының полиция департаментіне қарасты есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Талдықорған қаласында есірткі заттарын заңсыз сақтау және сату фактісін әшкереледі.
Осы жылдың ақпан айында полицейлерге тыйым салынған заттарды таратуға қатысы бар адам туралы жедел ақпарат түскен. Жүргізілген жедел іс-шаралар барысында күдікті анықталып, ұсталды. Жеке тінту кезінде одан жалпы салмағы 6 грамнан асатын ұнтақ тәрізді α-PVP есірткі заты табылып, тәркіленді.
Кейін жүргізілген тергеу әрекеттері кезінде күдіктінің тұрғылықты жерінен осыған ұқсас заттың қосымша партиясы анықталып, алынған. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 5 грамнан асты.
Аталған деректер бойынша аса ірі көлемде есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сақтау фактісімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл қылмыс үшін жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу түріндегі жаза көзделген.
						