Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысы полиция департаментінің бастығы аудан орталығында жеке құраммен кездесу өткізді

Абай облысы полиция департаментінің бастығы аудан орталығында жеке құраммен кездесу өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров жұмыс сапары барысында Мақаншы ауданына барып, полицияның жеке құрамы және ауылдық округтердің әкімдерімен кездесті.

Кездесу барысында департамент бастығы учаскелік инспекторлардың профилактикалық жұмысының маңыздылығын атап өтіп, құқық бұзушылықтың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы "Ішімдіксіз ауыл" жобасының жүзеге асырылу барысына тоқталды.

Аталған жобаны іске асыруға белсенді қатысып, қоғамдық тәртіпті нығайту ісіне үлес қосқаны үшін Қайыңды ауылдық округінің әкімі Қабыл Қасенов пен учаскелік полиция инспекторы Дәурен Ыдрышов Абай облысы полиция департаментінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Жеке құрам алдында сөйлеген Эльдар Данияров Мемлекет басшысының полиция қызметкерлеріне құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша айрықша жауапкершілік жүктейтінін атап өтті.

- Біздің қызметіміздің басты қағидаты – Заң мен тәртіп. Заңдарды қатаң сақтау мен құқықтық нормаларға құрметсіз Әділетті Қазақстанды құру және дамыту мүмкін емес, – деді департамент бастығы.

Сондай-ақ ол ішкі істер органдары қызметінің басым бағыттарын айқындады. Атап айтқанда, қылмыстылықты азайту, заңдардың орындалуын қамтамасыз ету, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті дамыту, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту мәселелеріне баса назар аударды.

Эльдар Данияров қызметтік тәртіп пен этиканың маңыздылығын еске салып, кез келген заңбұзушылық пен теріс әрекет заң шеңберінде қатаң түрде тоқтатылатынын атап өтті.

Кездесу соңында департамент бастығы қазіргі заманғы полиция – тек құқық қорғау органы ғана емес, сонымен қатар қоғамның тыныштығы мен сенімін қамтамасыз ететін сенімді әріптес екенін айтты.

- Тек бірлескен, адал және үйлесімді жұмыстың арқасында жоғары нәтижелерге қол жеткізуге болады. Қоғам бізден ашықтық пен әділдік күтеді. Мен жеке құрамның кәсібилігі мен адалдығына сенемін, – деді Эльдар Данияров.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру