Абай облысында жол ережесін бұзған азаматтар анықталды
Абай облысында жол ережесін бұзған азаматтар анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында полицейлер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізуші мен төрт жолаушыны жауапкершілікке тартты. Олар бағдаршамның қызыл жарығы жанып тұрған кезде көліктен түсіп, жолдың жүріс бөлігінде би билеген.
Белгілі болғандай, қатысушылар заңды бұзып ғана қоймай, өз әрекеттерін әдейі ойын-сауық мақсатында видеоға түсірген.
Оқиға бейнежазбаға түсіріліп, қоғамдық резонанс тудырды. Белгілі болғандай, жас жүргізуші көлікті қызыл жарықта тоқтатқаннан кейін, төрт жолаушы салоннан шығып, жол үстінде би билей бастаған. Бұл әрекеттер көлік қозғалысына кедергі келтіріп, басқа да жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндірген.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушылыққа қатысқан барлық азаматтарды жедел анықтап, бөлімшеге жеткізді.
Жүргізуші жолаушылар мен жүктерді тасымалдау қағидаларын сақтамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Төрт жолаушыға қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекеттері үшін тиісті шаралар қабылданды.
Полиция мұндай ойын сауықтарға жол үстінде мүлдем жол берілмейтінін ескертеді. Азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, өз өмірі мен айналадағылардың қауіпсіздігін қатерге тікпеуге шақырады.
