Павлодар облысында көші-қон заңнамасын бұзған 132 шетелдік азамат анықталды
Павлодар облысында көші-қон заңнамасын бұзған 132 шетелдік азамат анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктерді анықтауға бағытталған "Заңсыз келуші" жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын шығарды.
– Іс-шара нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзған 132 шетелдік азамат анықталып, жауапкершілікке тартылды. Сотқа 93 материал жолданып, сот шешімімен 9 шетелдікке қатысты елден шығару туралы шешім қабылданды. Қазақстан Республикасының аумағында болу мерзімі 37 шетелдік азаматқа қысқартылды. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдалану бойынша 43 факті анықтады. Барлық дерек бойынша шетелдік азаматтарды заңсыз жұмысқа қабылдаған жұмыс берушілер жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының бастығы Қанат Сартов.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының аумағында шетелдіктердің белгіленген ережелерді сақтауын қамтамасыз етпеген 45 Қазақстан азаматына тиісті шаралар қабылданды.
Полиция барлық азаматтар мен өңір қонақтарын көші-қон заңнамасын бұзбауға шақырады, сондай-ақ ел аумағында уақытша немесе тұрақты болу тәртібін қатаң сақтау қажеттілігіне назар аударады.
