Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда оқушылар қазіргі заман қаһармандарымен кездесті

Петропавлда оқушылар қазіргі заман қаһармандарымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2011 жылдың 12 қарашада Тараз қаласында аса қауіпті қылмыскерді ұстау кезінде қаза тапқан Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігі бүгін де ел жадында. Осыған орай Петропавл қалалық полициясының басшылығы мен жеке құрам батырды бір минут үнсіздікпен еске алып, мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қойды.

Полиция қызметкерлері қызметтік борышын атқару барысында қаза тапқан батырдың ерлігі жайлы "Жас сақшы" полиция сыныптарының оқушыларына айтып берді. Сондай-ақ оқушылар полиция ардагерлерімен және "Ерлігі үшін" медалімен марапатталған батыр полицейлермен кездесті.

IT-лицейдің полицейлік бағыттағы сыныбы алдында полиция қызметкері Бахтияр Дощанов сөз сөйледі. 2024 жылдың мамыр айында ол бесінші қабаттағы балкон қоршауынан секірмек болған әйелді құтқарып, өз өмірін қатерге тіккен еді.

Батыл сақшының оқиғасын полиция ардагері, кадр саласының тәжірибелі маманы Александр Деров толықтырды. Ол көптеген жыл Петропавл қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған. Бұл – Солтүстік Қазақстан облысындағы ең ірі полиция бөлімшелерінің бірі.

№17 Ұлттық жаңғыру мектеп-комплексінде "Жас сақшы" сыныбы биылғы мамыр айында құрылды. Оқушылар полиция ұйымдастыратын іс-шараларға, танымдық кездесулер мен экскурсияларға белсенді қатысып жүр. Олар 2023 жылдың қарашасында Ертіс көшесінде өртеніп жатқан үйден зейнеткерлерді құтқарып, жарылыстың алдын алған Жәнібек Әнуарбековтің ерлігі туралы үлкен қызығушылықпен тыңдады.

Сондай-ақ балалар Петропавл қалалық полиция басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы Атымтай Аманжоловпен кездесті. Ол жасөспірімдерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің оқу орындарына түсуге шақырды.

Полицейлік бағыттағы сыныптар – өмірін заң мен тәртіп қызметіне арнауды мақсат еткен жасөспірімдерге арналған. Мұғалімдер мен полиция қызметкерлерінің жетекшілігімен оқушылар дене шынығуын жетілдіріп, заңнаманы меңгеріп, қазақстандық полицияның басты құндылықтарын – табандылық пен қызметтік борышқа адалдықты бойларына сіңіріп келеді.

Жауап қалдыру