Оралда полиция есірткі таратқан жас жігітті ұстады
Оралда патрульдік полицейлер есірткі таратты деген күдікке ілінген 18 жастағы жас жігітті ұстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Орал қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері 18 жастағы жас жігіттен есірткі заттарын тәркіледі.
Патрульдеу барысында тәртіп сақшыларының назарына күдік тудырған азамат түсіп, онымен сөйлескенде ол қашып кетуге тырысқан. Алайда полицейлер оны жедел түрде ұстады. Тексеру кезінде жас жігіттен ақ түсті ұнтақ тәрізді зат салынған 10 zip-пакет табылды. Сонымен қатар оқиға орнынан тағы 3 zip-пакет тәркіленді.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Полиция есірткі заттарын тарату – ауыр қылмыс екенін және мұндай әрекет үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертеді.
