Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда құжаты жоқ бала полицияның көмегімен мектепке қабылданды

Атырауда құжаты жоқ бала полицияның көмегімен мектепке қабылданды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Республикалық "Учаске" жедел профилактикалық іс-шарасы аясында Атырау облыстық полиция департаментінің Индер аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары Елтай ауылына қарасты Бағырлай каналы бойындағы бір шаруа қожалығын тексеру барысында заңбұзушылық дерегін анықтады.

Тексеру кезінде бұл шаруашылықта ерлі-зайыпты азаматтардың 2025 жылдың сәуір айынан бері көмекші ретінде жұмыс істеп жүргені белгілі болды. Сонымен бірге олардың 10 жастағы ұлында жеке басын куәландыратын құжат — туу туралы куәлік жоқ екені, әрі осы уақытқа дейін мектепте білім алмағаны анықталды.

Анасының айтуынша, бала Қызылқоға ауданына қарасты Қоныстану елді мекенінде дүниеге келген. Алайда олардың тұрғылықты мекенжайы Ақтау қаласында тіркеуде тұрғандықтан, құжатты уақытылы рәсімдеу мүмкін болмаған. Дегенмен, бала бір жасқа дейін қажетті медициналық екпелерін алған. Кейін отбасы тұрмыстық жағдайына байланысты Индер ауданына қоныс аударған.

Аталған дерек тіркелгеннен кейін учаскелік инспекторлар баланың құқықтарын қорғау мақсатында тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп шаралар қабылдады. Нәтижесінде жасөспірімге туу туралы куәлік ресімделіп, оның білім алу құқығын қамтамасыз ету үшін аудандық мектеп-интернатына орналастырылды.

Сонымен қатар ата-анасына ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы — кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, білім беру және оның құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамау дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалып, заң талаптарына сәйкес шара қолданылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру