Полиция ардагері Самат Құрманов әлемдік жарыстарда ел намысын қорғап жүр
Полиция ардагері, 60 жастан асқан спортшы, отставкадағы полиция полковнигі Самат Құрманов самбо мен дзюдо күресінен халықаралық жарыстарда Қазақстанның көк байрағын биікке көтеріп, ардагер спортшылар арасында әлемдік жүлделерге ие болып отыр. Ол туралы толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Ақтөбе өңірінің ғана емес, бүкіл қазақ спортының мақтанышына айналған Самат Құрманов – жасы алпыстан асса да, самбо мен дзюдодан әлемдік додаларда ел намысын абыроймен қорғап жүрген бірегей тұлға. Ол – полиция полковнигі, ішкі істер органдарында ширек ғасырдан астам адал қызмет атқарған тәжірибелі ардагер.

Киелі Әйтеке би ауданы Жабасақ ауылында дүниеге келген Самат Сейітұлының спортқа деген қызығушылығы мектепте 7-сыныптан басталды. Оның табиғи қабілетін байқаған алғашқы ұстазы – Нұрлан Елемесов өзіндік баптау әдісімен жас спортшыны күрес әлеміне жетеледі. Нәтижесінде 13 жасында Самат алғашқы қалалық чемпионатта жеңіске жетіп, самбодан тұңғыш медалін еншіледі.
Мектепте жүріп-ақ спорт шеберлігіне кандидат атанған жасөспірім кейін Ақтөбе және Қазақстан чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы болды.
1982–1984 жылдары Ленинград облысында әскери борышын өтеген уақыт Самат Құрмановтың спорттық мансабында ерекше кезең болды. Ол Қарулы күштер арасындағы жарыстарда 57 келі салмақта самбо және дзюдодан жеңіс тұғырынан көрініп, "КСРО бойынша дзюдодан спорт шеберлігіне үміткер" атағын иеленді.

Әскерден оралған соң, оның тәртібі мен спорттық дайындығына тәнті болған басшылар Саматты ішкі істер органдарына қызметке шақырды. 1985 жылы нормативтерді сәтті тапсырып, полиция қатарына қабылданған ардагер өз мансабында күзет полициясының қызметкері, жедел кезекші, жедел уәкіл, учаскелік инспектор, бөлім бастығының орынбасары, штаб бастығы, "Динамо" ДШСҚ бастығының орынбасары секілді түрлі жауапты лауазымдарды атқарды.
Сонымен бірге салық және қаржы полициясында, сондай-ақ ПД арнайы жасағында да табысты еңбек етті.
Қызметтік міндетін мінсіз атқарғаны үшін "ҚР ІІМ үздігі", "Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі үздік қызметі үшін", "ІІО-дағы мінсіз қызметі үшін" төсбелгілерімен және медальдармен марапатталған.
Полицияда қызмет атқара жүріп те Самат Сейітұлы спорттық бабын жоғалтқан емес. Қызметке кірген алғашқы жылы-ақ бүкілодақтық самбо біріншілігінде күміс жүлде жеңіп, КСРО спорт шебері атанды. Бұл — самбодан аталған атақты алғаш иеленген қазақ спортшыларының бірі.
1987–1988 жылдары Астрахань және Уфа қалаларында өткен КСРО ІІМ чемпионаттарында дзюдодан екі мәрте топ жарды. Қоян-қолтық ұрыс, қазақ күресі, самбо және дзюдодан отандық және халықаралық жарыстарда көп мәрте жүлдегер атанды:
-
2010 жыл, Чехия – самбо спорт шеберлері арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері;
-
2011 жыл, Грекия – әлем чемпионатының қола жүлдегері;
-
2015 жыл, Иерусалим – самбо ардагерлері арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері;
-
2024 жыл – Азия чемпионы;
-
2024 жыл, Өзбекстан – ардагер спорт шеберлері арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Спорттағы еңбегі үшін "Самбо саңлағы", "Самбо күресіне қосқан үлесі үшін", "Самбо күресінің құрметті ардагері" медальдарымен марапатталды. Биыл Ресей Федерациясы оған "Самбодан еңбегі сіңген спорт шебері" атағын табыстады.
Самат Сейітұлы – үш баланың әкесі, бес немеренің атасы. Спорт рухын отбасына да дарытқан ол кенже қызы Көркемді жасынан спортқа баулыды. Бүгінде Көркем – жасөспірімдер арасында жүзуден Қазақстан чемпионы.
Зейнетке шыққаннан кейін де ардагер аптасына бірнеше рет жаттығып, халықаралық жарыстарға тұрақты түрде қатысып келеді. Спортшыларға тәлім беріп, жастарды дұрыс өмір салтына баулуды өзіне борыш санайды.
Ардагер-спортшының айтуынша, кез келген жетістіктің бастауы – адам бойындағы жігер мен рух:
- Спорт – менің өмір салтым. Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағының астында белдесу – ерекше сезім. Жеңістің құпиясы — тек білек күшінде емес, рух биіктігінде, – дейді Самат Сейітұлы.
