Қарағандыда 30 жылда бірде-бір рет жол ережесін бұзбаған жүргізуші марапатталды
Қарағандыда 30 жылда бірде-бір рет жол ережесін бұзбаған жүргізуші марапатталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысында жол қозғалысы мәдениетін арттыруға арналған “Үлгілі жүргізуші” акциясы жалғасуда. Шара барысында патрульдік полиция қызметкерлері ережені қатаң сақтап жүрген көлік жүргізушілерін тоқтатып, оларға алғыс білдіруде.
Осындай үлгілі азаматтардың бірі — 30 жылдық тәжірибесі бар жүргізуші Светлана Швачкина. Үш онжылдықтың ішінде ол бірде-бір рет жол қозғалысы ережесін бұзбаған және жол-көлік оқиғасына қатысы болмаған.

— Көлік жүргізіп келе жатқаныма 30 жылға жуықтады. Осы уақыт ішінде ешқашан ереже бұзған емеспін. Бүгінде жолда жүріс-тұрыс мәдениетін қаладағы №95 мектеп-гимназиясында балаларға үйретіп жүрмін. Онда “Сирена” жас жол қозғалысы инспекторлары үйірмесін басқарамын. Жол қауіпсіздігін мектеп қабырғасынан бастап үйрету маңызды, — деді Светлана Швачкина.
Полиция өкілдерінің айтуынша, акция аясында облыс орталығында 100-ге жуық жүргізушіге осындай құрмет көрсетілген.
— Шара “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өткізіліп жатыр. Мақсат — жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілер арасында ереже сақтауды насихаттау, — деп мәлімдеді әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Татьяна Малиновская.
Акция барысында Светлана Швачкина барша жүргізушілерді жолда мұқият болуға шақырды.
— Барлық жүргізушіге жол жүру ережесін қатаң сақтауды, жылдамдықты асырмауды және қарсы бағытқа шықпау керектігін ескертемін, — деді ол.
