Петропавлда есірткіні жасырын қойып кетумен айналысқан күдікті ұсталды
Петропавл қаласының шетінде полицейлер синтетикалық есірткі таратты деген күдікпен 48 жастағы әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшылары әйелдің сөмкесінен қызғылт түсті кристалл тәрізді зат салынған 15 түйіншек тәркіледі.
Кейін күдіктінің көрсетуі бойынша бұған дейін жасырын қойып кеткен түйіншектер тәркіленді. Алынған α-PvP-ның жалпы салмағы 40 грамға жуық болды. Бұл шамамен 300 бір реттік дозаға тең.
Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Оған 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Жедел ақпаратқа сәйкес, әйел есірткі сатумен тамыз айынан бері айналысқан.
Жыл басынан бері облыс аумағында есірткі сату күдігімен 132 адам, соның ішінде 13 әйел ұсталды. Полицейлердің айтуынша, әрбір азамат есірткінің таралуына қарсы күреске өз үлесін қоса алады. Есірткі қылмысына қатысты кез келген дерек туралы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефонына 8 (7152) 39-41-93, WhatsApp нөміріне +7-707-500-95-65 немесе Instagram желісіндегі аталған басқарманың парақшасына (upn_dp_sko) хабарлауға болады.
