Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайда полицейлер студенттерге киберқауіпсіздік жайлы профилактикалық кездесу өткізді

Қостанайда полицейлер студенттерге киберқауіпсіздік жайлы профилактикалық кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінде интернет кеңістігіндегі киберқауіпсіздік және құқықтық тәуекелдер мәселелеріне арналған студенттермен профилактикалық кездесу өтті. Іс-шара "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында ұйымдастырылды.

Студенттер алдында Қостанай облысы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Олжас Мағыпаров сөз сөйлеп, цифрлық ортадағы өзекті қауіптер мен олардан қорғану тәсілдері туралы айтты. Семинардың басты мақсаты — жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру және кибергигиена дағдыларын қалыптастыру. Студенттер фишингтік сілтемелер, жалған банк парақшалары, жеке деректерге қол жеткізу әрекеттері, сондай-ақ "дропперлер" қатысатын алаяқтық тәсілдер туралы ақпарат алды.

Спикер "дропперлік" тақырыбына ерекше тоқталды. Яғни, банктік карталарды, шоттарды немесе электронды әмияндарды үшінші тұлғаларға беру сияқты заңсыз әрекеттер туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, мұндай қадамдар ауыр құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Іс-шара барысында жастар цифрлық қауіпсіздікке қатысты өзекті сұрақтарды белсенді қойды.

Олжас Мағыпаровтың айтуынша, электронды цифрлық қолтаңбаны басқа адамға беру заңмен тыйым салынған және қаржылық қылмыстарға тартылу қаупіне әкеледі. Құқық қорғау органдарының нағыз қызметкерлері ешқашан азаматтардан код, пароль, банк картасының деректері сияқты мәліметтерді сұрамайды және қандай да бір есепшотқа ақша жіберуді талап етпейді. Мұндай қоңыраулар — алаяқтықтың белгісі. Киберқылмыскерлердің үнемі жаңа технологиялар мен психологиялық тәсілдерді қолданып, әдістерін жетілдіріп отыратынын атап өтті.

Сондықтан ең маңызды шара — халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру және жаңа қауіптер туралы тұрақты ақпараттандыру. Кездесу соңында студенттерге тақырыптық бейнероликтер көрсетіліп, интернетте қауіпсіз жүріс-тұрысқа арналған практикалық ұсыныстар мен пайдалы байланыстар жазылған жадынамалар таратылды. Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, қатысушылардың қызығушылығын тудырды.

Полиция қызметкерлері жастардың цифрлық ортада ең осал топтардың бірі екенін атап өтіп, мұндай кездесулер алда да жалғасатынын айтты

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру