Ақтөбеде "Жолда тәртіпсіздікке жол жоқ" акциясы өтуде
Ақтөбеде "Жолда тәртіпсіздікке жол жоқ" акциясы өтуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбеде "Заң мен тәртіп" идеологемасы аясында "Жолда тәртіпсіздікке жол жоқ" акциясы жалғасуда. Шараның негізгі мақсаты — жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыру, құқық бұзушылықтарды азайту және қала жолдарындағы жалпы қауіпсіздікті нығайту. Акция барысында патрульдік полиция қызметкерлері заманауи технологияларды пайдалана отырып, жол ережесін бұзғаны үшін айыппұлдары бар жүргізушілерді, сондай-ақ алимент төлей алмай жүрген борышкерлерді нақты уақыт режимінде анықтауда.
Мұндай озық әдістер құқық қорғау органдарының жұмысын тиімді етіп, анықталған құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Қала көшелерінде полицейлер дрондармен бірлесіп, көлік құралдарын автоматты тану жүйелерін қолдануда. Бұл технологиялар автокөлік ағынын бақылап, бес және одан көп төленбеген айыппұлы бар жүргізушілерді санаулы секундтарда анықтауға мүмкіндік береді. Құқық бұзушылық тіркелгеннен кейін патрульдік экипаждар көліктерді тоқтатып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді және заңға сәйкес шаралар қабылдайды.
Бар болғаны бір күннің ішінде акция аясында автокөлікті мас күйінде басқарған 6 жүргізуші анықталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара тек бақылау емес, сонымен қатар профилактикалық сипатқа ие. Полиция тұрғындарды айыппұлдарды дер кезінде төлеуге, жол қозғалысы ережелерін сақтауға және жол қауіпсіздігінің әрбір қатысушыға байланысты екенін ұмытпауға шақырады.
Сондай-ақ патрульдік полиция өкілдері акцияның жалғасатынын, ал заманауи технологияларды қолдану ақтөбелік жолдарды одан әрі қауіпсіз етіп, жүргізушілердің тәртібін арттыруға және құқықбұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
