Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында полиция шетелдік студенттерге көші-қон заңнамасын таныстырды

Түркістан облысында полиция шетелдік студенттерге көші-қон заңнамасын таныстырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының басшысы Аида Смағұл, Қ.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің шетелдік студенттерімен арнайы кездесіп, маңызды ақпарат берді. Яғни "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын кеңінен таныстырды.

– Әрбір шетелдік азамат тіркелген мекенжайы бойынша, яғни визада немесе ресми көрсетілген мекенжайда міндетті түрде тұруы тиіс. Егер ол мекенжайда тұрмайтын болса, көші-қон талаптарын бұзғаны үшін тиісті шаралар қолданылады. Ал мекенжайы өзгерген жағдайда үш күн ішінде деканатқа хабар беруге міндетті, – деп атап өтті Аида Смағұл.

Шара барысында Қазақстанда білім алып жатқан шетелдік студенттердің құқықтары, көші-қон заңын сақтау тәртібі, уақытша тіркеу талаптары, ҚР аумағындағы тәртіп пен визаға қатысты мәселелер жан-жақты қарастырылды. Жиын соңында студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды.

– Студенттерімізді қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі. Бүгін арнайы келіп, көші-қон жөнінде маңызды ақпарат ұсынғаны үшін полиция өкілдеріне алғыс білдіреміз, – деді оқу орнының қаржы және халықаралық байланыстар вице-ректоры Мустафа Гиритлиоглу.

Айта кетсек, бұл университет – түркі дүниесінің жастарын бір шаңырақ астына біріктірген білім ордасы. Бұл жерде әлемнің 17 елінен келген 30-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бірге білім алуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру