Ақтөбеде есірткі притондарымен күрес жалғасуда
Ақтөбеде есірткі притондарымен күрес жалғасуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе қаласында өтіп жатқан "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полицейлер аумақтағы барлық үй-жайларды жаппай аралауда. Шара барысында қоғамдық қауіпсіздікке ғана емес, халықтың денсаулығына кері әсер ететін құқық бұзушылықтарға ден қойылып жатыр.
Шара басталғалы полиция көпқабатты үйлердің қабырғаларына жазылған 44 граффитиді анықтап, есірткі затын жарнамалау дерегі бойынша 27 қылмыстық іс қозғады. Қазіргі таңда тергеп-тексеру жүріп жатыр.
Учаскелік инспекторлар үй аралау барысында маскүнемдер мен нашақорлар жиналатын притондар ұйымдастыруға үй-жайларын берген 2 пәтер иесін анықтап, оларға қылмыстық іс қозғалды. Притондарда жиналып, есірткі затын қолданған 12 нашақор мәжбүрлі түрде емдеу мекемесіне жолданды, 139 адам ішкі істер органдарының есебіне қойылды.
Сондай-ақ, "Учаске" ЖПІШ барысында пәтер ішінде немесе үй жайларда есірткі затын қолданған 224 адам әкімшілік жазаға тартылды. Естеріңізге салай кетейік, "Учаске" іс-шарасы Ақтөбе қаласының аумағында 1 қыркүйектен бері жалғасып жатыр.
