Қызылордада ҚАЖД қызметкерлеріне әлеуметтік-психологиялық қолдау күшейтілді
Қызылордада ҚАЖД қызметкерлеріне әлеуметтік-психологиялық қолдау күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің психологы Моншақ Маханова мен полиграфолог Ұлбала Бегімова қызметкерлердің үйлеріне барып, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын зерделеді және отбасы мүшелерімен сұхбат жүргізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ҚАЖД қызметкерлерінің тұрмыстық ахуалын, отбасындағы мүмкін мәселелерді анықтау, сондай-ақ олардың моральдық-психологиялық тұрақтылығын нығайту.
Сұхбат барысында мамандар қызметкерлердің күнделікті өмірі мен қызметтік жүктемесіне назар аударып, отбасылық қарым-қатынаста туындауы мүмкін зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерін, бүгінгі таңда кең таралған лудоманияның зардаптарын түсіндірді. Мұндай кездесулер қызметкерлерге қажетті қолдауды көрсетіп, олардың сұраныстары мен қиындықтарын дер кезінде анықтауға, жалпы отбасы әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді.
Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту – олардың қызметке деген ынтасын арттырып, құқықбұзушылықтың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Алдағы уақытта әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды зерделеу жұмыстары жалғасып, қызметкерлердің отбасы мен қызмет арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылатын болады.
