Абай облысында көктайғақ салдарынан жүк көліктерінің колоннасы тоқтатылды
Абай облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты бірқатар автожолдар жабылып, полиция қызметкерлері патрульдеуді күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшылары Семей қаласы арқылы транзитпен өтіп жатқан жүргізушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігін ескертіп отыр.
Облыс орталығына кіреберісте 14 жүк көлігінен құралған колонна тоқтатылды. Далалы аймақтан келген жүргізушілердің айтуынша, көктайғақ қозғалысты айтарлықтай қиындатқан.
- Жол ауыр, қатты тайғақ. Қалбатау маңында тоқтап қала жаздадық, – дейді Бақтыдан Минск бағытына бет алған жүргізушілердің бірі.
Полиция қызметкерлері көлік жүргізушілеріне қозғалыс бағыттарын нақтылап, қолданыстағы шектеулер туралы түсіндіріп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында ауа райы түзелгенше жолға шықпай тұруға кеңес береді.
Қызмет күшейтілген режимде атқарылуда: жол жағдайы бақылауда болғанымен, қауіп-қатер толық сейілген жоқ.
Полиция автокөлік жүргізушілерін мүмкіндігінше ұзақ сапарларға шықпауға және барлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.
