Қосшыда ақылды камералары бар полицияның Жедел басқару орталығы іске қосылды
Қосшы қаласында Заң мен Тәртіп қағидатын нығайтуға, сондай-ақ қоғамдық және жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған ауқымды жоба жүзеге асырылуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында қалада 1000 жаңа бейнебақылау камерасы іске қосылып, бұған дейін орнатылған тағы 500-ге жуық камера жасанды интеллект элементтері бар бірыңғай зияткерлік платформаға біріктірілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Барлық бейнеағындар тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейтін қалалық жаңа Жедел басқару орталығына шоғырландырылады. Орталық қоғамдық ахуалды тұрақты бақылауды қамтамасыз етеді.

Орталықтың жұмысымен Ішкі істер министрі Ержан Саденов және Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов танысты.
Жоба мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында Ішкі істер министрлігінің, Ақмола облысы әкімдігінің және Freedom компаниясының қолдауымен жүзеге асырылды.

Ішкі істер министрі Ержан Саденов атап өткендей, заманауи цифрлық шешімдерді енгізу құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің негізгі элементі болып табылады.
- Бүгінде біз "Заң мен Тәртіп" қағидатын жүйелі түрде жүзеге асырып келеміз, мұнда технологиялар полицияның сенімді көмекшісіне айналуда. Зияткерлік бейнебақылау жүйелері құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға ғана емес, олардың алдын алуға да мүмкіндік береді. Бұл – азаматтардың қауіпсіздігіне және қалада қолайлы ортаны қалыптастыруға қосылған нақты үлес. Осындай жедел басқару орталықтары облыстың барлық аудандарында бірдей стандарттар бойынша құрылып, жабдықталуы маңызды. Бұл құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде бірыңғай тәсілді қалыптастырып, кез келген оқиғаға жедел әрі пәрменді әрекетті етуге мүмкіндік береді, – деді министр.
Жедел басқару орталығы мониторинг пен әрекет етудің бірыңғай нүктесі ретінде қалыптастырылған. Мұнда полиция департаментінің қызметкерлері мен әкімдіктің коммуналдық қызметтері бірлесіп жұмыс атқарады.

Бейнемониторинг технологиялары құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеуге, мемлекеттік тіркеу нөмірлерін тануға, көлік құралдарының маркасы мен түсін анықтауға, сондай-ақ қуатты оптикалық зумы бар камералар арқылы бейненің жоғары дәлдікте де айқындығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін арттырып, қала тұрғындарының қауіпсіздік деңгейін едәуір жоғарылатады.
Сондай-ақ жүйеге азаматтардың жедел қызметтермен шұғыл байланысуына арналған екі SOS батырмасы, биік ғимараттарға орнатылған үш жоғары дәлдіктегі камера, сондай-ақ құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін сегіз мобильді патруль енгізілген. Олардың бірі жедел жәрдем көлігіне орналастырылған.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов цифрлық инфрақұрылымды дамыту халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті.
- Қосшы "Заң мен Тәртіп" және "Таза Қазақстан" жобаларын 1,5 мың жасанды интеллекті бар камераны біріктіретін бірегей цифрлық платформа аясында тоғыстырған алғашқы қала болды. Бұл - Қосшы тұрғындары үшін құқықтық тәртіп пен қолайлы ортаны қамтамасыз ететін жер. Ішкі істер министрлігі мен облыс әкімдігінің бірлескен күш-жігері арқылы біз қауіпсіздік мәдениетін ғана емес, көшелерде де, адамдардың санасында да тазалық мәдениетін қалыптастыруымыз қажет, - деп атап өтті өңір басшысы.
Сонымен қатар Қосшы қаласының полициясы мен әкімдігі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету міндеттерін орындау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын белсенді түрде пайдалануда. Дрондар жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу, қоғамдық тәртіп саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау, адамдардың көп шоғырланған орындарын бақылау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары мен аумақтардың санитарлық жағдайын мониторингтеу, ауыл шаруашылығы жерлерін тексеру және түрлі жағдайларға жедел әрекет ету үшін қолданылады. Бұған қоса, ұшқышсыз ұшу аппараттары қалалық инфрақұрылымның жай-күйін бақылауға, рұқсатсыз қоқыс орындарын анықтауға және абаттандыру талаптарының бұзылуын тіркеуге пайдаланылады.
