Алматыда синтетикалық есірткі сақтаған күдікті анықталды
Алматыда синтетикалық есірткі сақтаған күдікті анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда полицейлер жедел іздестіру іс-шаралары барысында психотроптық затты заңсыз сақтау дерегін анықтады. Тексеру кезінде қаптамаға оралған күйдегі заттар табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, аталған заттар синтетикалық есірткі түріне жатады.
Аталған факт бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.
Алматы қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаевтың айтуынша, есірткі қылмыстарын анықтау және жолын кесу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
— Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес полиция қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Әсіресе азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіретін синтетикалық заттарды анықтау мен тәркілеуге ерекше назар аударылады, — деп атап өтті Мұрат Жұмабаев.
Жыл басынан бері Алматыда полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан жалпы салмағы 536 келіден астам есірткі затын тәркілеген. Оның ішінде 55 келісі синтетикалық есірткіні құрайды.
