ШҚО-да полиция жоғалған жасөспірімді аман-есен тапты
ШҚО-да полиция жоғалған жасөспірімді аман-есен тапты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жылғы 31 желтоқсанда Риддер қаласының полиция бөліміне оқу орнынан кейін үйіне ұзақ уақыт бойы оралмаған кәмелетке толмаған жасөспірімнің жоғалғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Аталған дерек бойынша Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері жедел түрде іздестіру жұмыстарын бастады. Іздестіру жұмыстары екі тәуліктен астам уақытқа созылды.
Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің үйлесімді әрі кәсіби іс-қимылы, сондай-ақ азаматтардың көрсеткен көмегінің арқасында жасөспірімнің жүрген жері анықталды. Ол аман-есен табылып, үйіне жеткізілді.
Учаскелік полиция инспекторларының қатысуымен жасөспіріммен және оның ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, қауіпсіздік ережелері мен осындай жағдайлардың алдын алу шаралары түсіндірілді.
Тәртіп сақшылары іздестіру жұмыстарына белсене қатысқан барлық азаматтарға алғыс білдіре отырып, ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге, олармен тұрақты байланыста болуға және күмәнді жағдайлар туындаған кезде 102 нөмірі арқылы полицияға жедел хабарласуға шақырады.
