Шетелдік азаматтар қазақстандық полицейлерге алғыс білдірді
Қырғызстан Республикасының азаматтары Бородулиха аудандық полиция қызметкерлеріне көрсеткен қамқорлығы мен қолдауы үшін шынайы алғыстарын білдірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кейде бір сәттік мейірім мен жанашырлық ұзақ жолдың ауыртпалығын жеңілдетіп, адамға үміт сыйлайды. Осындай жүрекке жылу ұялататын оқиға жуырда Абай облысының аумағында болды.
Қырғызстан Республикасының азаматтары Ресей Федерациясының Сахалин қаласынан өздерінің тұрақты мекенжайына бет алып келе жатқан. Ұзақ әрі қиын сапар жүргізушіні әбден қажытып, жол үстінде аялдап, тынығуға мәжбүр етті. Көлікте екі жасқа толмаған сәби мен аяғы ауыр ана болғаны жағдайдың маңызын арттыра түсті.
Осы сәтте полиция қызметкерлері отбасының қиын жағдайына бейжай қарамай, дереу көмек көрсетті. Ең алдымен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жылы лебіз білдірді. Отбасының жай-күйін ескере отырып, уақытша қонақүйге орналастыруды ұйымдастырып, олардың тынығып, күш жинауына жағдай жасады. Бұл әрекет қызметтік міндеттен гөрі, адамгершілік пен жанашырлықтың айқын көрінісі болды.
Көрсетілген қамқорлықты сезінген Қырғызстан Республикасының азаматтары полиция қызметкерлеріне шын жүректен ризашылықтарын білдірді. Олар қиын сәтте бейтаныс жандардың қолдау көрсетуі үлкен демеу болғанын айтып, тәртіп сақшыларының кәсібилігімен қатар, адами болмысына ерекше тоқталды.
- Біз жолда жалғыз қалмағанымызды сезіндік. Қиын сәтте қолдау көрсеткен полиция қызметкерлерінің мейірімі мен жанашырлығы көңілімізге үміт ұялатты, – деп атап өтті шетелдік азаматтар.
