Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде ҚАЖ мекемесіне тыйым салынған зат өткізбек болған азаматтар ұсталды

Ақтөбеде ҚАЖ мекемесіне тыйым салынған зат өткізбек болған азаматтар ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысы аумағында өткізіліп жатқан "Заслон" республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы аясында құқық қорғау органдары тарапынан қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ тыйым салынған заттардың заңсыз айналымының алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Аталған іс-шара шеңберінде Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №8 мекеме қызметкерлері, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшілері және Ақтөбе қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, мекеменің негізгі қоршауы арқылы тыйым салынған заттарды өткізбек болған үш азаматты ұстады.

Оқиға дерегі бойынша дереу Ақтөбе қаласы полиция басқармасының тергеу жедел тобы шақырылып, тиісті процессуалдық әрекеттер жүргізілді. Тексеру барысында аталған азаматтардан екі OPPO смартфон, сымсыз құлаққаптар және ақ түсті адаптер табылып, заттай дәлел ретінде тәркіленді.

Аталған дерек Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы бойынша тіркеліп, жиналған материалдар сотқа жолданды. Қазіргі уақытта іс сотта қаралу сатысында.

Сонымен қатар тыйым салынған заттарды алуға немесе жеткізуге қатысы бар сотталған азаматтарға қатысты ішкі тәртіп талаптарына сәйкес тәртіптік сипаттағы жазалау шаралары қолданылды.

Құқық қорғау органдары азаматтарды қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне тыйым салынған заттарды жеткізуге, өткізуге немесе мұндай әрекеттерге баруға әрекет жасаудың заңмен қатаң түрде жазаланатынын ескертеді. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік көзделгенін ескере отырып, азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Жауап қалдыру