Жетісу облысындағы Ұлттық ұланның әскери бөлімінде есірткіге қарсы профилактикалық іс-шара өтті
Жетісу облысындағы Ұлттық ұланның әскери бөлімінде есірткіге қарсы профилактикалық іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері кинологиялық қызмет орталығының кинологтарымен бірлесіп Ұлттық ұланның №5514 әскери бөлімінің аумағында заңсыз есірткі айналымының алдын алуға және жеке құрам арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған профилактикалық іс-шара өткізді.
Сап алаңында әскери қызметшілерге есірткі заттарының зияны, олардың адам денсаулығына, психикасына және тағдырына тигізетін теріс әсері, сондай-ақ есірткі қылмыстары үшін заңнамада көзделген қылмыстық жауапкершілік туралы түсіндіру дәрісі ұйымдастырылды. Сонымен қатар есірткінің заңсыз айналымы фактілері туралы кез келген хабарламаны құқық қорғау органдарына жасырын түрде беруге болатынына ерекше назар аударылды.
Профилактикалық әңгімеден бөлек, бөлім аумағында бақылау-өткізу пункті ұйымдастырылып, қызметтік иттердің қатысуымен автопарк пен бөлімшелердің орналасу орындары тексерілді. Мұндай шаралар ықтимал құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар, құқыққа қайшы мінез-құлықты тежеудің қосымша факторы болып табылады.
Осындай профилактикалық іс-шараларды өткізу заңдылықты нығайтуға, әскери қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және қызметке әрі қоғамға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға бағытталған. Бүгін қылмыстың алдын алу — ертеңгі қауіпсіздік пен тұрақтылықтың кепілі.
