Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында жыл қорытындысы бойынша үздік полиция қызметкерлері марапатталды

Жетісу облысында жыл қорытындысы бойынша үздік полиция қызметкерлері марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісу облысы полиция департаментінде 2025 жылғы қызметтік қызмет қорытындысы бойынша үздік қызметкерлер мен бөлімшелерді салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара ішкі істер органдары қызметкерлерінің жоғары кәсібилігін, жауапкершілігін және қызметке адалдығын айқындаған маңызды оқиға болды.

Қызметтік көрсеткіштерді бағалау, жұмыс нәтижелері мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесіне сәйкес негізгі номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды.

"Үздік жедел уәкіл" номинациясында Талдықорған қаласыполиция басқармасы криминалдық полициясының аға жедел уәкілі Барысов Шыңғыс Қайратұлы марапатталды.

"Үздік тергеуші" атағы Ескелді ауданы аудандық полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі Тұрсынбаев Әділет Ерікұлына берілді.

"Үздік учаскелік полиция инспекторы" номинациясының жеңімпазы болып Көксу ауданы аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Қаненов Рауан Тоғжанұлы танылды.

Сонымен қатар 2025 жылдың қорытындысы бойынша аудандық полиция бөлімдері арасында 1-орынды Қаратал ауданының полиция бөлімі иеленіп, қызметтік жұмысты ұйымдастырудың жоғары деңгейін және тұрақты нәтижелерін көрсетті.

Жетісу облысы полиция департаментінің басшылығы мұндай нәтижелер жеке құрамның жүйелі, үйлесімді әрі кәсіби еңбегінің жемісі екенін атап өтті.

— Әрбір жетістік — есептегі көрсеткіштер ғана емес, нақты адам тағдыры, сақталған өмір және азаматтардың сенімінің нығаюы. Біз қызметкерлеріміздің еңбегін жоғары бағалаймыз және кәсібилік, принципшілдік пен антқа адалдық өңірдегі қауіпсіздіктің берік негізі бола беретініне сенімдіміз, — деді департамент басшылығы.

Департаментте үздік қызметкерлерді қолдау және жоғары нәтижелерді ынталандыру кәсіби құзыреттерді дамытуға және қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған кадрлық саясаттың маңызды бөлігі болып қала беретінін атап өтті.

Марапаттау рәсімі жыл қорытындысын шығарып қана қоймай, ішкі істер органдарының қоғам мен мемлекет мүддесі үшін алдағы жұмысты одан әрі жетілдіруге серпін берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру