Қызылорда облысында сотталғандарды кәсіби қайта даярлау курстары жалғасуда
Қызылорда облысында сотталғандарды кәсіби қайта даярлау курстары жалғасуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеушілерді қоғамға қайта бейімдеу, әлеуметтендіру және бостандыққа шыққаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік беру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Осы мақсатта skills.enbek.kz онлайн платформасы негізінде жазасын өтеушілерге мамандық бойынша қайта даярлау курстарын өткізу жолға қойылған.
Аталған бастама сотталған азаматтардың еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне және босап шыққан соң заңды түрде табыс табуына жағдай жасауға бағытталған. Өткен жылы 43 сотталған skills.enbek.kz онлайн платформасы арқылы бірнеше мамандық бойынша білім алып, оларға сертификаттар табысталған болатын. Нәтижесінде аталған азаматтар тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Биыл да жазасын өтеушілерге арналған қайта даярлау курстарын жалғастыру жоспарланып отыр. Осыған орай Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің сотталғандарды жұмыспен қамту тобының бас маманы Бақыт Абилова облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында өткен жиынға қатысып, жазасын өтеушілерді кәсіби қайта даярлау курстарының маңызын атап өтті.
– Жиын барысында бостандыққа шығатын сотталғандардың болашақта еңбекпен қамтылуы – қылмыстың алдын алудағы маңызды факторлардың бірі екені айтылды. Жиын барысында сала мамандары skills.enbek.kz онлайн платформасы арқылы оқыту курстары бойынша түсіндіріп өтті. Биылғы жылы 50- ге жуық сотталғанды skills.enbek.kz онлайн платформасы арқылы оқыту жоспарлануда дейді, – Бақыт Абилова.
Аталған жұмыстар сотталған азаматтардың жаңа өмірге қадам басуына, қоғамға толыққанды бейімделуіне және еңбек арқылы өз орнын табуына мүмкіндік береді.
