Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Пайызы аз несие алып беремін": Астанада ірі көлемдегі алаяқтық дерегі анықталды

Астанада ірі көлемдегі алаяқтық дерегі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Астана қаласында мемлекеттік бағдарламасы аясында несие алып беруге көмектесемін деген желеумен жасалған алаяқтық дерегі әшкереленді.

Алдын ала тергеу барысында күдіктінің азаматтардың сеніміне кіріп, банк арқылы жеңілдетілген несие рәсімдеп беремін деп уәде беріп, түрлі сылтаулармен ақшалай қаражат алғаны анықталды. Атап айтқанда, ол құжаттарды дайындау, банк қызметкерлеріне көмек көрсету, кепілдік рәсімдеу және өзге де қызметтерді сылтау етіп, жәбірленушілерден ірі көлемде ақша жинаған.

Аталған қылмыстық әрекеттердің салдарынан келтірілген материалдық шығын 7 млн теңгеден асады. Қазіргі таңда бұл дерек бойынша 50-ге жуық алаяқтық эпизод тіркеліп, олардың барлығы бір азаматтың әрекетімен байланысты екені анықталды.

Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Оның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бары тексеріліп жатыр. Тергеу аясында жәбірленушілердің саны артуы да мүмкін.

Полиция азаматтарға мемлекеттік және қаржылық бағдарламаларға қатысу кезінде барынша сақ болуды, несие рәсімдеу мәселелері бойынша тек ресми банктер мен уәкілетті ұйымдарға жүгінуді ескертеді. Бейтаныс тұлғаларға немесе делдалдарға ақша беру алаяқтыққа әкеп соғуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру