Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда ПД бастығы ардагерлермен кездесті

Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдулдинов ішкі істер органдарының бастапқы ардагерлер ұйымдарының өкілдерімен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кездесу жылы әрі еркін форматта өтті. Ардагерлер қызмет жолындағы тәжірибелерімен, естеліктерімен бөлісіп, департаменттің жаңа басшысына қолдау білдіріп, ақ тілектерін жеткізді. Олар ұрпақтар сабақтастығының, қызмет дәстүрлерін құрметтеудің, заң мен халыққа адал қызмет етудің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Департамент бастығы ардагерлерге ішкі істер органдарының қалыптасуына қосқан зор үлестері үшін алғыс айтып, олардың бай тәжірибесі бүгінгі полиция қызметкерлері үшін әрдайым маңызды бағдар болып қала беретінін жеткізді.

– Алматыдағы қызметімді ардагерлермен кездесуден бастауды өзім үшін үлкен мәртебе санаймын. Сіздер – ішкі істер органдарының тірегісіздер. Сіздердің жүріп өткен жолдарыңыз, адал қызметтеріңіз бен ұстанымдарыңыз біз үшін де, жас қызметкерлер үшін де үлгі. Сіздердің қолдауларыңызға, ақыл-кеңестеріңізге және жас буынды тәрбиелеудегі белсенді қатысуларыңызға сенемін, – деді Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов.

Ардагерлер қауымдастығы атынан Алматы қаласы полиция департаменті Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағынжан Асыл-Кеней сөз сөйледі.

– Жаңа басшының бойынан қызметтің қадірін білетін, оның дәстүрлерін құрметтейтін тұлғаны көріп отырмыз. Сізге қабылдайтын шешімдеріңізде табандылық, адамдарға әділдік және антқа адалдық тілейміз. Ардагерлер әрдайым қастарыңызда, заң мен тәртіпті нығайту жолындағы кез келген бастамаға қолдау көрсетуге дайын, – деді Сағынжан Асыл-Кеней.

Кездесу соңында тараптар жеке құрамды тәрбиелеу, қызметтік дәстүрлерді нығайту және ұрпақтар сабақтастығын сақтау бағытында өзара тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру