Түркістан облысында көші-қон саласының өзекті мәселелері талқыланды
Түркістан облысында көші-қон саласының өзекті мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының қызметі жүйелі түрде жетілдірілуде.
Осы орайда Түркістан облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Аида Смағұл мен "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы басшылығының қатысуымен кездесу өтті.
Кездесу барысында шетелдіктерге Қазақстан Республикасында уақытша тұру рұқсатын беру және Қазақстан Республикасы азаматтарын құжаттау және тіркеу мәселелері талқыланды.
Статистикалық деректерге сәйкес, 2025 жылы Түркістан облысының аумағына 4,5 миллионнан астам шетелдік келген.
Бүгінде өңірде 4,4 мыңға жуық шетелдік пен азаматтығы жоқ адам тұрақты тұру рұқсатымен өмір сүруде, ал 2025 жылы 64 мыңнан астам азамат уақытша тұру рұқсатын рәсімдеген.
Бұл көші-қон саласындағы қызметтердің тиімділігі мен өзектілігін айқындайтын нақты көрсеткіш.
