Оралда жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген көлік жүргізушісі анықталды
Оралда жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген көлік анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысы аумағында өткізілген жедел-профилактикалық іс-шара барысында Орал қаласының патрульдік полиция қызметкерлері Toyota Camry автокөлігін анықтады. Аталған көлік Қазақстан Республикасында тіркелгеніне қарамастан, Ресей Федерациясының мемлекеттік нөмір белгісімен жүрген.
Тексеру барысында аталған автокөлікке қатысты 47 төленбеген айыппұл бары белгілі болды. Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші жауапкершіліктен жалтару мақсатында шетелдік мемлекеттік нөмір белгілерін пайдаланған. Аталған дерек бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
Бұл факт – жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілер тарапынан жасалатын өрескел құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында енгізілген "Қорғау" автоматтандырылған жүйесінің көмегімен анықталды.
Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы 8–10 қаңтар аралығында республика көлемінде "Жалған нөмір" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Аталған іс-шара барысында Батыс Қазақстан облысында барлығы 484 құқық бұзушылық анықталды.
Полиция жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік нөмір белгілерін пайдалану – заңмен қатаң тыйым салынғанын және үлкен жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Жол қозғалысы ережелерін сақтау – әрбір жүргізушінің міндеті.
