Павлодарда полиция студенттерге бопсалауға қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізді
Павлодарда полиция студенттерге бопсалауға қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласындағы жоғары инновациялық көпсалалы колледжінің студенттерімен полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында кездесу өткізді.
Кәмелетке толмағандарды құқыққа қайшы әрекеттерге тарту – шешілуі тиіс маңызды мәселелердің бірі. Бұл міндетті Мемлекет басшысы полиция органдарына жүктеген. Осыған байланысты полиция оқу орындарында жастардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөледі.
Іс-шара студенттердің аталған мәселелер бойынша хабардарлығын арттыру, өзін қорғау тәсілдеріне үйрету және мұндай құқық бұзушылықтар үшін көзделген жауапкершілік туралы ақпарат беру мақсатында ұйымдастырылды.
– Іс-шараның негізгі тақырыбы кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу, буллинг пен бопсалаудың жолын кесу болды. Сонымен қатар мектептегі мінез-құлық ережелері еске салынып, құрдастар тарапынан болатын арандатушылықтарға қарсы тұру және жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар берілді. Кәмелетке толмағандардың күн тәртібін сақтауына және ойын-сауық орындарында болу ережелеріне ерекше назар аударылды, – деді Павлодар облысы ПД ҰҚҚБ-ның аға жедел уәкілі Даурен Тусупов.
Еркін форматта өткен кездесу жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қылмыстың алдын алуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. Жасөспірімдер талқылауға белсенді қатысып, сұрақтар қойып, өз пікірлерімен бөлісті.
