Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында борышкерлерге қатысты бақылау күшейтілді

Абай облысында борышкерлерге қатысты бақылау күшейтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы полиция департаментінің қызметкерлері алимент төлеуден жалтарып, сот шешімін орындамаған борышкерлерді анықтауда. Соның барысында бір тәулік ішінде Семей қалалық полиция басқармасына жеке сот орындаушылары тарапынан алимент бойынша қомақты қарызы бар борышкерді іздестіруге жариялау туралы өтініш келіп түскен.

Аталған қаулыға сәйкес, сот шешімін орындаудан жалтарған азаматқа қатысты жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілді. Нәтижесінде, тәулік ішінде Семей қаласының 37 жастағы тұрғыны анықталды.

Іздестіру барысында полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелерінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалана отырып, борышкердің Астана қаласында жүргенін нақтылады.

Айта кету керек, жыл басынан бері Абай облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі бөлімшелері атқарушылық құжаттарды орындаудан жалтарған 14 борышкерді анықтаған. Аталған шаралар — азаматтардың, әсіресе балалардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған.

Полиция департаменті алимент төлеу — заңмен бекітілген міндет екенін еске салады. Атқарушылық құжаттарды орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік көзделген. Құқық қорғау органдары заң талаптарын орындаудан жалтарған әрбір азаматтың жауапкершіліктен тыс қалмайтынын қатаң ескертеді.

Әрбір алимент – бұл жай ғана қаржы емес, бұл баланың болашағына, тәрбиесіне және қамқорлығына қосылған үлес. Заң талабын орындау – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Баланың тағдырына бейжай қарамау, өз міндетін адал атқару – әрбір ата-ананың адамгершілік парызы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру