Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер ата-аналарға балалардың жолдағы қауіпсіздігіне әсер ететін басты факторды түсіндірді

СҚО-да полицейлер ата-аналарға балалардың жолдағы қауіпсіздігіне әсер ететін басты факторды айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысында әкімшілік полиция қызметкерлері мектептерде өткен ата-аналар жиналыстарына қатысып, балалардың жол қозғалысы кезіндегі қауіпсіз мінез-құлқы мәселесін талқылады.

Құқық қорғау органдарының өкілдері интернеттегі ашық дереккөздерден алынған жол-көлік жағдайларындағы қауіпті сәттер көрсетілген бейнероликті ұсынды. Аталған бейнематериал ата-аналар чаттарына таратылып, оны балалармен бірге қарап, талқылау ұсынылды.

Полицейлердің айтуынша, бұл — жай ғана "шок-контент" емес, жол қозғалысына қатысушылар, әсіресе жаяу жүргіншілер жіберетін қауіпті қателіктердің нақты мысалдары. Мәселен, балалар жолды белгіленген тәртіппен кесіп өтудің орнына жүгіріп өтеді. Мұндай сәттерде жүргізушілердің дер кезінде әрекет етуге әрдайым мүмкіндігі бола бермейді. Бейнеролик асығыстықтың соңы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін айқын көрсетеді.

Кездесулер Петропавл қаласындағы 28 192 оқушы білім алатын барлық 36 жалпы білім беретін мектепте өтті. Түсіндіру жұмыстарына учаскелік инспекторлармен қатар, әкімшілік полиция қызметінің басшылық құрамы да қатысты.

— Ата-аналармен жүргізілетін түсіндіру жұмысы профилактиканың ең тиімді құралы болуы мүмкін, себебі балаларға ең үлкен ықпал ететін — ата-ана. Ең бастысы, біз жол қозғалысы ережелерін ең алдымен ересектердің өздері сақтауға шақырамыз. Өйткені балалар жолда ата-анасының әрекетін қайталайды. Ата-ананың жеке үлгісі — балалар қауіпсіздігінің басты факторы, — дейді СҚО полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.

Өткен жылы өңір жолдарында екі кәмелетке толмаған бала қаза тауып, 148 бала жарақат алған. Олардың 48-і, яғни әрбір үшіншісі дерлік, жаяу жүргінші болған. Полицейлер жол қауіпсіздігін нығайту мақсатында профилактикалық жұмысты тұрақты негізде жалғастырып келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру