"Таза Қазақстан": полиция ел бойынша 4 мыңға жуық заңсыз қоқыс орнын анықтады
Ішкі істер министрлігі "Таза Қазақстан" бағдарламасын іске асыру аясында 2024 жылдың 15 сәуірінен бастап республика аумағында тұрмыстық қатты және құрылыс қалдықтарын арнайы белгіленбеген орындарға тастауға, сондай-ақ сұйық қалдықтарды полигондардан тыс жерлерге төгуге жол бермеу бойынша акция өткізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жалпы шамамен 4 мыңға жуық стихиялық қоқыс орны анықталып, 664 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Жергілікті атқарушы органдарға заң бұзушылықтарды жою жөнінде 2 834 ұсыныс енгізіліп, нәтижесінде 2 295 қоқыс орны жойылды.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы санитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 1 419 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция азаматтарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын сақтауға, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырады.
