Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында сотталғандармен отбасы құндылықтары жайлы ашық диалог өтті

Абай облысында сотталғандармен отбасы құндылықтары жайлы ашық диалог өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы бойынша ҚАЖД-ның қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында Отбасын қолдау орталығының мамандары №19 мекемеге барып, сотталғандармен "Отбасылық құндылықтар" тақырыбында ақпараттық-түсіндіру жұмысы мақсатында кездесу өткізді.

Кездесу барысында уақытша оқшаулау жағдайында отырған қатысушылармен адам өміріндегі отбасының маңызы, өзара құрмет, жауапкершілік пен сенім мәселелері, сондай-ақ жақындарымен байланысты сақтаудың маңызы талқыланды.

Іс-шараға жасы 23 пен 70 аралығындағы, ұрлық, тонау, ауыр дене жарақатын келтіру сияқты әртүрлі дәрежедегі қылмыстар үшін бір жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылған сотталғандар қатысты.

Олардың көпшілігі үшін отбасы әлі де басты тірек әрі түзелуге ынталандыратын негізгі күш. Үйде оларды жұбайлары мен балалары күтіп отыр. Сонымен қатар өз отбасын құрып үлгермей, бас бостандығынан айырылғандар да бар.

Тренинг барысында сотталғандар ішкі жан күйзелістерімен, қорқыныштары мен күмәндерімен ашық бөлісті. Олар жоғалтқан байланыстарын қалпына келтіре ала ма, сенімді сақтай ала ма және сотталғанға дейін болған қарым-қатынастарға қайта орала ала ма деген ойларымен бөлісті.

– Бес жыл бұрын менің өмірім тоқтап қалғандай болды. Мен осында түстім, ал үйде жұбайым мен екі кішкентай қызым қалды — ол кезде олар небәрі бес пен жеті жаста еді. Ең ауыры — олардың бірінші сыныпқа барғанын көрмедім, қолдарынан ұстамадым, сабақтарына көмектеспедім, күн сайын күлкілерін естімедім. Бұл үшін өзімді әлі күнге дейін кінәлаймын. Қазір мекеме жанындағы цехта жұмыс істеймін, табысымның бір бөлігін отбасымa жіберемін және жұбайыма ең болмағанда сөзбен қолдау көрсетуге тырысамын. Төрт жылдан кейін мерзімім аяқталады. Мені екі кішкентай қыз емес, бойжеткен қыздар қарсы алады. Біз қайтадан танысатын боламыз… Бірақ мен бір нәрсені анық білемін: енді ешқашан отбасымды сатпаймын және отбасылық құндылықтарымызды сақтау үшін барымды саламын, – деп бөлісті сотталған.

– Мұндай кездесулер қайта әлеуметтену процесінде маңызды рөл атқарады. Отбасы туралы әңгіме сотталғандарға өз әрекеттері үшін жеке жауапкершілікті сезінуге және өмір салтын өзгертуге мән бар екенін түсінуге көмектеседі. Адам жақындарымен эмоционалдық байланысты сақтаған кезде, босап шыққаннан кейін заңға бағынатын мінез-құлыққа жетелейтін ішкі тірек пен мотивация пайда болады, – деп атап өтті мекеме психологы Айнель Болат.

Сонымен қатар қатысушыларға отбасылық қарым-қатынастарды нығайту, жақындарымен байланысты қалпына келтіру, жанжалдардың алдын алу және болашаққа оң өмірлік бағыт қалыптастыру бойынша практикалық ұсыныстар берілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты — адамгершілік құндылықтарды нығайту, отбасы институтының маңызын арттыру және сотталғандардың әлеуметтік бейімделу процесін қолдау.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру