Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жедел уәкіл – қырағылық пен табандылықтың үлгісі

Полиция қызметіндегі аса жауапты әрі маңызды бағыттардың бірі – жедел уәкіл қызметі. Бұл сала қылмыстарды дер кезінде ашуға, күдіктілерді анықтауға және дәлелдемелер жинауға бағытталған жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізуді талап етеді. Жоғары кәсіби біліктілік пен қырағылықтың арқасында жедел уәкілдер көптеген қылмыстың бетін ашып, заң үстемдігін қамтамасыз етуге үлес қосуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Осы салада абыройлы қызмет атқарып жүрген мамандардың бірі – Арал ауданы полиция бөлімі криминалды полиция бөлімшесінің жедел уәкілі Дулат Мырзағалиев. Ол өз қызметінде табандылық, батылдық және жедел шешім қабылдай білу қасиеттерімен ерекшеленеді.

Дулат Мырзағалиев Қызылорда облысы, Арал қаласының тумасы. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университетті үздік бітірген. Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2018 жылдың ақпан айында бастап, 2022 жылдан бері жедел уәкіл лауазымында қызмет атқарып келеді.

Отбасылы, жұбайы Танзила Қанатқызы екеуі екі қыз тәрбиелеп отыр.

Қазіргі таңда Дулат Мырзағалиев ішкі істер саласында атқарған нәтижелі еңбегімен ұжым ішінде зор құрметке ие. Қылмыстарды ашудағы қырағылығы, қызметтік міндеттерін үлгілі орындап, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін департамент басшылығы мен бөлім басшылығы тарапынан бірнеше мәрте марапатталған.

Бүгінгі кейіпкеріміз Дулат Мырзағалиев – қызығы мен қиындығы қатар жүретін салада өз мамандығын терең меңгеріп, адал да тындырымды еңбегімен ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосып жүрген білікті маман.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру