Алматыда заңсыз тұраққа қойылған көліктерге қарсы шаралар күшейтілді
Алматы қаласында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көлік құралдарын тоқтату мен тұраққа қою қағидаларын бұзу салдарынан туындайтын кептелістерді азайту бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қала әкімдігімен өзара іс-қимыл аясында жол қауіпсіздігін нығайту және заңсыз тұрақ фактілеріне жедел әрекет ету мақсатында "Алматы Паркинг" ЖШС-ға тиесілі 30 эвакуатор жұмылдырылды. Сонымен қатар полиция бөлімшелері жол қозғалысы ережелерін бұза отырып қойылған көлік құралдарын мамандандырылған айыппұл тұрағына жеткізетін 20 арнайы эвакуаторды пайдаланады.
Атқарылып жатқан жұмыстың негізгі мақсаты – жолдың жүру бөлігін босату, қоғамдық және жедел қызмет көліктерінің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыру.
Қосымша техниканы тартудың алғашқы күнінде-ақ тоқтату және тұраққа қою қағидаларын бұза отырып қойылған 25-тен астам көлік арнайы айыппұл тұрағына жеткізілді. Жіберілген құқық бұзушылықтар үшін 56 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.
Әсіресе, көлік ағыны жоғары учаскелерге, азаматтар көп шоғырланатын орындарға, сондай-ақ дұрыс қойылмаған көлік қозғалысқа кедергі келтіріп, қауіп төндіретін көшелерге басымдық берілуде.
– Эвакуаторлардың жұмысы ең алдымен, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және апатты жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Дұрыс қойылмаған көлік – барлық жол қозғалысына қатысушы үшін тәуекел факторы. Қалалық қызметтер ұсынған эвакуаторлар жолдағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін ғана пайдаланылады. Біздің міндетіміз – жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігін түсінуіне ықпал етіп, қауіпсіз әрі жайлы қалалық орта қалыптастыру, – деді Алматы қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серик Шумаев
