Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полицейлер оқушыларға есірткіге қарсы дәріс өткізді

Павлодарда полицейлер оқушыларға есірткіге қарсы дәріс өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар қаласындағы №43 жалпы орта білім беру мектебінде жоғары сынып оқушыларына арналған дәріс өтті.

Кездесу барысында заңсыз есірткі және психотроптық заттар айналымына қатысудың қандай салдарға әкелетіні түсіндірілді.

Павлодар облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкері Ирина Тимиргалиева қолданыстағы есірткіге қарсы заңнама нормаларын жан-жақты түсіндіріп, есірткі заттарын сақтау және тарату үшін қандай жауапкершілік көзделгенін атап өтті.

Сонымен қатар интернеттегі "жеңіл табыс" туралы ұсыныстардың көп жағдайда қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.

Оқушыларға қызметтік тәжірибеден нақты мысалдар келтірілді. Жасөспірімдердің үгітке еріп, өміріне кері әсер еткен қадамдарға барған жағдайлары айтылды.

Кездесу барысында бір ғана ойланбай қабылданған шешімнің болашақ жоспарларға, оқуға түсуге және мансапқа кері ықпал етуі мүмкін екені түсіндірілді.

Іс-шара барысында профилактикалық бейнеролик көрсетіліп, ашық форматта пікір алмасу ұйымдастырылды.

Оқушылар сұрақтар қойып, өз ойларымен бөлісті. Кездесу соңында жастарға күмәнді ұсыныстарға "жоқ" деп айта білу және дұрыс жолды таңдау маңызды екені еске салынды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру