Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада полицей арулар марапатталды

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында елордалық полиция департаментінде мерекеге арналған салтанатты іс-шара өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Құттықтау сөз сөйлеген Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев полицей әйелдерді келе жатқан мерекемен құттықтап, олардың ішкі істер органдары жүйесіндегі маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ ол адал қызметі, жоғары кәсібилігі және таңдаған ісіне деген адалдығы үшін алғысын білдірді.

— Сіздер қызметтеріңізді абыроймен атқарып, ішкі істер органдарының беделін нығайтып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келесіздер. Осы мереке күні сіздерге жанқиярлық еңбектеріңіз, антқа адалдығыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін, — деп атап өтті ол өз сөзінде.

Салтанатты шара барысында бірқатар ару ведомстволық наградалармен марапатталды. Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің құқықтарымен оларға мерзімінен бұрын арнайы атақтар беріліп, “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалі, “Ішкі істер органдарының үздігі” төсбелгісі, сондай-ақ грамоталар мен алғыс хаттар табысталды.

Сонымен қатар қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің жұбайлары мен ішкі істер органдарының ардагерлері де назардан тыс қалмады. Оларға құрмет пен ризашылық белгісі ретінде гүлдер мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Мерекелік бағдарлама жылы әрі шынайы көктемгі атмосферада жалғасты. Полиция қызметкерлері шығармашылық өнер көрсетіп, музыкалық нөмірлер мен әндер орындап, қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ал нәзік жандылардың барлығына көктемнің символы – қызғалдақ гүлдері тарту етілді.

Бұл іс-шара ішкі істер органдарында қызмет атқарып жүрген әйелдерге деген шынайы құрметтің тағы бір көрінісі болды. Олар күн сайын кәсібилік, табандылық және өз ісіне адалдық танытып, қоғамдағы құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру