СҚО-да полицейлер авто-мектеп курсанттарына арналған ауқымды қауіпсіздік сабағын өткізді
СҚО-да полицейлер авто-мектеп курсанттарына арналған ауқымды қауіпсіздік сабағын өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қаласындағы оқушылар сарайында "Апатсыз старт" атты акция ұйымдастырылды. Іс-шараға 100-ден астам курсант, 11 авто-мектептің басшылары, әкімшілік полиция қызметкерлері мен медицина мамандары қатысты. Кездесудің басты тақырыбы — жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
Бағдарлама аясында шынайы жол апаттарының бейнематериалдары көрсетіліп, жиі кездесетін қателіктер жан-жақты талданды. Сонымен қатар, жедел жәрдем мамандары алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша практикалық кеңестер беріп, өмір мен денсаулықты сақтаудың маңыздылығына тоқталды.

Іс-шараға №8 мектептің жас жол инспекторлары жасағының өнер көрсетуі ерекше әсер беріп, қатысушылардың қызығушылығын арттырды.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, осы жылдың бірінші тоқсанында Солтүстік Қазақстан облысында 100 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 15 адам қаза тауып, 131 адам жарақат алған. Оның ішінде 92 оқиға жүргізушілердің кінәсінен орын алған.
Полиция өкілдері жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтау, мұқияттылық пен жауапкершілік — қауіпсіздіктің басты кепілі екенін атап өтті.

