Абай облысында полицейлер денсаулығы нашарлаған баланы құтқарып қалды
Абай облысында полицейлер денсаулығы нашарлаған баланы құтқарып қалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында полицейлер әр секунд шешуші мәнге ие болған күрделі жағдайда баланың өмірін сақтап қалды.
Абай алаңындағы "Бекет-1" бақылау пунктінде қызмет атқарып жүрген Нұржан Алтынбековке қатты абыржыған әйел жүгініп, қызының жағдайы кенеттен нашарлап, денсаулығы сыр бергенін хабарлаған.
Полиция қызметкері бірден патрульдік полицияны шақыртты.
Құрамында Дархан Жұмашев пен Азамат Айтжанов болған экипаж оқиға орнына қысқа уақытта жетіп, жағдайдың ауырлығын ескере отырып, баланы шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізу туралы шешім қабылдады.
Бала дереу ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер тарапынан жедел медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта қыз баланың жағдайы тұрақты, өміріне қауіп жоқ.
- Егер полиция қызметкерлері болмағанда, не боларын білмеймін. Уақытында жеткізді. Олар менің баламды құтқарып қалды, — дейді анасы.
Әйел Алтынбеков Нұржанға жедел әрекеті үшін, сондай-ақ патрульдік полиция қызметкерлері — Дархан Жұмашев пен Азамат Айтжановқа кәсібилігі мен бейжай қарамағаны үшін шынайы алғысын білдірді.
Сонымен қатар ол полиция басшылығына ризашылығын жеткізіп, бұл салада адамдарға көмектесуді формальдылық емес, азаматтық парыз ретінде қабылдайтын қызметкерлер еңбек ететінін атап өтті.
